Лайфхактар
Қалта телефонының жадын қалай тазалау және оны жылдамдату
Телефон баяу жұмыс істей бастады ма? Бұл құрылғыңыздың жады толып кеткенінен болуы мүмкін. Бұл қалай орын алады және мәселені өзіңіз шеше аласыз ба? Бірге анықтайық.
Жад қалай жұмыс істейді
Смартфон жады үш түрге бөлінеді: жедел (оперативті), ішкі және кеңейтілетін. Бұлардың айырмашылығы неде?
Жедел жады (ОЗУ)
Жедел жад құрылғының жылдамдығына тікелей әсер етеді. ОЗУ неғұрлым көп болса, телефон соғұрлым бір мезетте бірнеше қолданбаны жылдам орындай алады (мысалы, сіз YouTube көріп, достарыңызбен мессенджерде сөйлесіп отырсыз). Samsung Galaxy смартфондары 16 ГБ дейінгі жедел жадпен жабдықталған – бұл көп міндетті режимде де құрылғының жылдам және бірқалыпты жұмыс істеуіне жеткілікті.
Ішкі жады
Бұл – қолданбалар, суреттер, бейнелер, музыка, құжаттар және басқа файлдар сақталатын негізгі қойма. Сондай-ақ мұнда смартфонның операциялық жүйесі орналасады. Егер ішкі жады толып кетсе, телефон баяу жұмыс істей бастайды. Samsung Galaxy құрылғыларында ішкі жадының көлемі әдетте өте үлкен – 1 ТБ дейін (бұл сіздің сүйікті фильмдеріңіздің тұтас жинағына жетеді).
Кеңейтілетін жады
Егер ішкі жады жеткіліксіз болса, оны жад картасын орнату арқылы кеңейтуге болады (құрылғы бұл функцияны қолдайтынына көз жеткізу қажет). Осылайша, сіз телефонда одан да көп фото, бейне және музыканы сақтай аласыз.
Жадты тазалау керек пе?
Жедел жадты – міндетті емес. Операциялық жүйенің ақылды алгоритмі процестерді өзі басқарып, құрылғының жылдам жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Ал ішкі жадты тазалау – қажет. Егер смартфон баяулап, шыдамдығыңызды сынағанын қаламасаңыз, ара-тұра «тазалық жұмыстары» қажет. Себебі уақыт өте келе жад пайдалы файлдармен қатар қажетсіз қоқыстарға да толады.
Жад күйін қалай тексеруге болады
Смартфон жады азайған кезде ескерту жібереді. Бірақ сіз оны өзіңіз де тексере аласыз: Samsung Galaxy құрылғысындағы «Менің файлдарым» қосымшасын ашып, «Ішкі сақтау» бөлімін қараңыз. Мұнда бәрі анық көрінеді.
Сіз қай файлдардың ең көп орынды алатынын көресіз (әдетте бұл – жоғары сапада түсірілген бейнелер мен жүктелген фильмдер). «Сақтауды басқару» бөлімінде қайталанатын және пайдаланылмайтын қолданбалар да көрсетіледі.
Смартфон жадысын қалай тазалау керек
Бірінші кезекте қажетсіз файлдарды жойыңыз – уақытша суреттерді, қайталанатын немесе ұқсас фотоларды (есіңізде ме, жақсы кадр таңдау үшін бірнеше сурет қатар түсірдіңіз бе?).
Көбінесе қоқыс мессенджер қалталарында жиналады (Галереядан табуға болады): достарыңыз немесе таныстарыңыз жіберген күлкілі суреттер, бейнелер, құттықтау ашықхаттары, мемдер және басқа да артық контент. Оларды сақтау қажет пе?
Қолданбалар мен олардың кэші де көп орынды алады – бұл бағдарламаны тез жүктеу үшін уақытша сақталған файлдар. Егер қолданбаны пайдаланбайтын болсаңыз, оны барлық деректерімен бірге өшіріңіз. Ол үшін қолданба мәзірінде «Сақтау» бөлімін ашып, деректер мен кэшті тазалаңыз, содан кейін қолданбаны жойыңыз. Сол сияқты жиі пайдаланылатын қолданбалардың кэшін де тазартуға болады.
Егер жадты қолмен тазалауға уақыт немесе ниет болмаса, бұл жұмысты автоматты түрде атқаратын арнайы қолданбаны жүктей аласыз – мысалы, қайталанатын файлдар мен қажетсіз қоқысты анықтап, жояды.
Маңызды файлдарды бұлтқа, сыртқы дискке немесе ноутбукке көшіру де пайдалы шешім. Компьютермен синхрондалған бұлт – ең ыңғайлы нұсқа. Бұл әдіс тек смартфон жадысын босатып қана қоймай, сіздің маңызды деректеріңіз бен естеліктеріңізді қауіпсіз жерде сақтауға мүмкіндік береді.